news

Жергілікті жолдарда зерттелген әрбір үшінші сынама талаптарға сәйкес келмеген

2026 жылдың басынан бері Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жергілікті жолдар желісінде 15 мыңнан астам жол-құрылыс материалдарының сынамасын зерттеді. Зертханалық сынақтардың нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Бұл деректер Көлік министрлігінің қатысуымен өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» республикалық семинар-кеңесінде айтылды. Іс-шараға өңірлер мен JOLSAPA филиалдарының өкілдері қатысты. Зерттеу нәтижелері жергілікті жолдардың сапасын қамтамасыз ету мәселесі жол-құрылыс материалдарын қолдану кезеңінің өзінде өзекті екенін көрсетеді. Зертханалық сынақтар материалдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін уақытылы анықтап, анықталған ауытқулардың жол нысанының сапасы мен қызмет ету мерзіміне әсер етуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды уақтылы жою мәселесі де маңызды болып отыр. 2026 жылдың басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған. Оның ішінде 214-і жойылған, ал 1 783-і әлі жойылмаған. 2024–2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер барысында бұл нысандарда сәйкессіздіктер анықталған. Семинар барысында өңірлердің өкілдері мен JOLSAPA мамандары нақты проблемалық нысандарды, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін және анықталған ақаулардың уақытылы жойылмау себептерін қарастырды. Сонымен бірге техникалық қадағалау, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер мен JOLSAPA мамандары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Талқылаудың тағы бір бағыты — нормативтік база. Қолданыстағы нормативтік құжаттардағы талаптардың арасындағы алшақтықтарға байланысты оларды қайта қарау және кешенді түрде жаңарту қажеттілігі айтылды. Бұл жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді. Семинар қорытындысы бойынша жергілікті жолдар желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды әзірлеу, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жауапты тұлғалар мен мерзімдерді белгілеу, сондай-ақ нормативтік базаны жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, жергілікті жолдар желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделген.